MON.ARCH
KZRUEN中文
← Жеке үйлер

Қала сыртындағы үй

Қала сыртындағы үй
01 / 07

Жалпы ауданы 700 м² болатын бұл үй жасы 50 мен 60 аралығындағы ерлі-зайыптыларға арнап жобаланған. Жобада күнделікті тұрмыстың жайлылығы, үй иелерінің оңашалығы және үйдегі қалыптасқан тіршілік тәртібін өзгертпей, жақындарын қонаққа қабылдау мүмкіндігі ескерілген.

Үй атқаратын қызметіне қарай үш бөлікке бөлінген: үй иелеріне арналған тыныш жеке бөлік, қонақ қабылдайтын ортақ кеңістік және қонақтардың жатын бөлмелері орналасқан бөлек блок. Үйдің осылай бөлінуі үй иелерінің оңашалығын сақтай отырып, отбасылық басқосулар өткізуге және қонақтарды үйге орналастыруға мүмкіндік береді. Үйдің үш бөлігі де бір қабатта орналасып, ішкі ауланың айналасына біріктірілген. Ал ішкі аула таза ауада оңаша демалуға қолайлы, ықтасын орын ретінде қарастырылған.

Үйдің сәулетінде заманауи минимализмге тән қарапайымдылық пен ағылшынның қала сыртындағы үйлеріне тән сипат ұштасқан. Кірпіш қасбеттердің жылы реңкі, еңіс шатырлар, қасбеттің жоғарғы жағындағы айқын пішінді қабырға бөліктері және кірпіш мұржа үйге мығым да орнықты сипат береді. Күңгірт түсті жақтаулары бар үлкен терезелер, шатыр ернеулерінің жинақы сызықтары және артық әшекейсіз орындалған бөлшектер дәстүрлі пішіндерге заманауи сипат береді.

Үй бөліктерінің өлшем жағынан үйлесуі, есік пен терезе ойықтарының ретімен қайталанып орналасуы және материалдардың беткі бедері ғимараттың сыртқы көрінісін айшықтай түседі. Кірпіш қабырғалар, графит реңкті қою сұр шатыр жабындысы, үйдің төменгі бөлігіндегі ақшыл тас қаптама және жіңішке металл бөлшектер бір-бірімен үйлеседі. Биік әйнектелген терезелер арқылы бөлмелерден бақ көрінеді. Ал төбесі жабылған террасалар мен торлы қалқа (пергола) үй іші мен ауланың арасын байланыстырып, екеуін біртұтас кеңістік ретінде қабылдауға мүмкіндік береді.

Үй айналасы да оның сәулетіне сай қарапайым әрі үйлесімді етіп абаттандырылған. Тас төселген жолдар мен өсімдіктерден жасалған қоршаулар аумақты көріктендіре түскен. Табиғи көрінетіндей етіп отырғызылған бұталар мен көпжылдық гүлді өсімдіктер үй айналасын жасыл желекке бөлейді. Ағаш пен оны айнала қоршай орналасқан дөңгелек орындығы бар ішкі аула — бүкіл композицияның орталығы әрі оңаша демалуға қолайлы орын. Бұл — кеңдігі мен жайлылығы жарасқан, қонақжайлық пен үй иелерінің тыныштығы қатар сақталған, қарапайым да әсем үй.

Түрі
қала сыртындағы үй
Орналасқан жері
Астана
Жылы
2025
Ұқсас жобалар

Villa Palma

Жеке үйлер

«Мичурино» коттедждер қалашығы

Жеке үйлер

Villa Arcus

Жеке үйлер
Келесі жоба
«Мичурино» коттедждер қалашығы →

Жобаңызды талқылайық WhatsApp

Қандай міндетті шешу қажет екенін айтып беріңіз. Біз сізге жауап беріп, бірлесіп жұмыс істеудің қолайлы жолын ұсынамыз.

Батырманы басу арқылы өтініміңізге жауап беру үшін байланыс деректеріңізді өңдеуге келісім бересіз.